Қаратөбе ЖББМ-де бүлдіршіндердің жүрегінде мәңгі сақталатын ерекше де әсерлі “Қош бол, даярлық!” атты қоштасу кеші өтті. Бұл күн — кішкентай бүлдіршіндердің балалықтың бал дәуренімен қоштасып, үлкен өмірдің алғашқы баспалдағы — мектепке нық қадам басқан сәті болды.
Кеш барысында балалар әсем ән шырқап, мың бұрала би билеп, жүрекке жетер тақпақтарын нақышына келтіре орындады. Әрбір бүлдіршіннің өнері көрермендерге ерекше әсер сыйлап, ата-аналардың көңілін толқытты.
Шәкірттеріне білім мен тәрбиенің алғашқы дәнін сепкен жетекшісі Ләйлә Оразалиева бүлдіршіндерге жүрекжарды тілегін арнап, әрқайсысының болашағынан зор үміт күтетінін жеткізді. Ұстаздың мейірімі мен еңбегі балалардың бойынан анық байқалып тұрды.
Кештің құрметті қонағы ретінде мектеп директорының орынбасары М.Боранбаев сөз сөйлеп, бүлдіршіндерді алғашқы жетістіктерімен құттықтады. Ол: “Бүгінгі кішкентай түлектер — ертеңгі елдің үміті. Білім жолдарың ашық, қадамдарың нық болсын!” — деп ізгі тілегін білдірді.
Кеш соңында ата-аналардың көздеріне қуаныш пен толқыныс үйіріліп, бүлдіршіндердің алғашқы қадамдарына куә болған ерекше сәттер көпшіліктің жүрегінде жылы естелік болып қалды.
Қош бол, даярлық!
Қош келдің, алтын ұя — мектеп!